Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Сенатта өткен парламенттік тыңдауда жыл басынан бері ет өндірісінің көлемі 4,4 пайызға артқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы жылдың 10 айында ет өндірісінің көлемі 4,4%-ға, оның ішінде сиыр еті – 6,2%-ға, құс еті 10,3%-ға өсті. Жыл басынан бері 3,1 млн тонна сүт өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,2%-ға көп. Тауық жұмыртқасы бойынша өсім 0,9%-ды құрады. Тауарлық сүт фермаларында орташа сүт сауымы 7,4%-ға өсті. Технология сақталатын заманауи тауарлық сүт орташа сүт сауымы 7,8 мың литрді құрайды. Жекелеген тауарлық сүт фермаларында сиырлардың сүт өнімділігі сауу кезеңінде 11 мың литрден асады, бұл әлемдік деңгейге сәйкес келеді", - деді ведомство басшысы.
Айдарбек Сапаровтың сөзінше, тиісті азықтық базамен қамтамасыз етпей, саланы табысты дамыту мүмкін емес.
"Биыл ауыл шаруашылығы жануарлары үшін бір жарым жылдық шөп қоры дайындалды, қалған азық бойынша қажеттілік 111% әзірленді. Дайындалған азық көлемі ауыл шаруашылығы жануарларын қыстан аман-есен шығаруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі.