Елімізде мас күйінде көлік тізгіндейтіндер саны азайды

1158

Биыл 881 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 3,4 мың адам көлік жүргізу құқығынан айрылған. 

Елімізде мас күйінде көлік тізгіндейтіндер саны азайды

2020 жылдың қаңтар-мамыр айларында ішімдікке сылқия тойған 741 адам жол-көлік оқиғасына тап болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұндай қылмысқа баратындар саны 33,3%-ға төмендеді. Бұған пандемия мен карантин де айтарлықтай әсер етті, деп хабарлады ranking.kz.

741 адамның 88,8%-ы немесе 658-і Қылмыстык кодекстің 346-бабы "Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру" бойынша жауапкершілікке тартылды. 

7,7%-ы немесе 57 адам 345-бап "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша жазаланды. 

Ал 3,4%-ы немесе 25 адам 345-баптың 1 тармағы "Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша, 1 адам 347-бап "Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу" негізінде жауапкершілікке тартылды. 

Мұндай қылмыс ең көп тіркелген өңір Батыс Қазақстан облысы болып отыр. Аталған аймақта биылғы жылы 87 адам мас  күйінде көлік жүргізген. Қостанай облысында 75 адам, Маңғыстау облысында 63 адам осындай заң бұзушылыққа барған. 

Еске сала кетсек, жыл басынан бері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мас күйінде көлік жүргізетіндерге жаза қатаңдатылды. Осылайша биылғы жылы 881 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 3,4 мың адам көлік жүргізу құқығынан айрылған. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу