Елімізде мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа іріктеу ережесі өзгереді. Шенеуніктердің жүріс-тұрысын бақылайтын мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жаңашылдықты келесі жылдан бастап енгізуді жоспарлап отыр. Өзгерістер "А" және "Б" корпусын ғана емес, Ұлттық бюро мен құқық қорғау жүйесінде де орын алады, деп хабарлайды almaty.tv.
Алик Шпекбаев басқаратын агенттік мемлекеттік қызметке қабылдау мен іріктеу ережесін өзгертті. Енді "А" корпусына, яғни жауапты хатшылар, комитет төрағалары, орталық және жергілікті аппарат басшылары мен аудан әкімінің лауазымына үміткерлер бұрынғыдай резервте тұрмай, тікелей конкурстық іріктеу арқылы тағайындалады. Ал "Б" корпусында жұмыс қабылдау үш кезеңдік іріктеу екіге кезеңге дейін қысқартылды. Өзгерістер қызметке ниеттілерді жұмысқа лайықты, не лайықсыз екенін бұрынғыдай 50 күнде емес, екі жетінің арасында анықтап береді. Келесі жылдан бастап құқық қорғау жүйесі мен Ұлттық бюро да қызметке қабылдау жүйесін өзгертпек.
"Жаңа жылдан бастап, құқық қорғау жүйесі мен Ұлттық бюро конкурстық негізге ауыстырылады. Одан бөлек, құзіретті және талантты мамандарды кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссия арқылы конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі де қарастырылады. Осы арқылы батыстық білімі мен тәжірибесі бар кәсіби мамандарды жеке сектордан мемлекеттік қызметке тарта аламыз. Бұл жерде әлемнің үздік 500 компаниясында жұмыс істеген немесе үздік жоғарғы оқу орындарының PhD дәрежесін алғандар туралы айтып отырмыз", – деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.