Елімізде мемлекеттік мектеп алғаш рет халықаралық бакалавриат мәртебесін алды

1622

Елордада №81 Astana English School мамандандырылған гимназиясы халықаралық бакалавриат (MYP International Baccalaureate) мәртебесін алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Елімізде мемлекеттік мектеп алғаш рет халықаралық бакалавриат мәртебесін алды

MYP бағдарламасы оқушыларды жеке, жергілікті және жаһандық маңызы бар мәселелер мен идеяны зерттеуге, әрі білімді толық қабылдауға үйретеді. Мұндағы басты артықшылық – пәннің шынайы әлеммен байланысы. Сондай-ақ инклюзивті білім берудің элементі мен стратегиясы әр оқушыға жеке көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының бұрынғы басшысы Әнуар Жанғозин мұндай мәртебені осыған дейін еліміздегі тек жекеменшік білім ордалары алып келгенін атап өтті.

"Осы уақытқа дейін халықаралық бакалавриат мәртебесін Қазақстанда тек 9 білім беру ұйымына берілген еді. Олар негізінен жекеменшік білім ордалары мен Назарбаев Зияткерлік мектептері. Бұл тізімде №81 мектеп 10-орынға ие болды. Осылайша, ол халықаралық бакалавриат мәртебесін алған алғашқы мемлекеттік мектеп атанды", – деді экс-басшы.

№81 Astana English School мамандандырылған гимназиясының директоры Гүлнәр Садықова бұл зор еңбектің нәтижесі екенін жеткізді.

"Еңбегіміз өз жемісін берді. Халықаралық авторизациядан сәтті өткенімізге қуаныштымын. Әрине, бұл оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар мен мектеп ұжымының ортақ еңбегі",– деді директор.

Халықаралық бакалавриат (IB) бас директоры Олли-Пекк Хайноне аталған мектептің халықаралық бағдарламаға қосылғанын атап өтіп, бұл білімді ұрпақ тәрбиелеуге септігін тигізетінін айтты. 

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу