1 наурыздан бастап көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Бұл туралы Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Бауыржан Артықов айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Бүгіннен бастап жергілікті атқару органдарындағы 195 әскерге шақыру пунктерінде қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын бастайды. Оған әкімдердің орынбасарлары басшылық етеді. 2023 жылы 1 шілдеге дейін Қарулы Күштердің басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қатарына әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ 18-27 жас аралығындағы 18 мыңнан астам ер азамат толықтырады. Соның ішінде Қарулы Күштерге 7 мыңнан астам, Ұлттық ұланға – 6 мыңнан астам, ҰҚК Шекара қызметіне – 3 мыңнан астам, ТЖМ – 300-ден астам, Мемлекеттік күзет қызметіне 80-нен астам адам", - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әскерге шақырту қағазы ер азаматтардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жіберілетін болады.
"Осы процесті автоматтандыру мақсатында 2021 жылдан бастап әскерге шақырушыларды смс хабарлама жолдау арқылы да хабардар ету жүргізілуде", - деп атап өтті Бауыржан Артықов.