Елімізде микро және шағын бизнесті қолдаудың жаңа шаралары іске қосылды

509

Eлімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлердің саны 1,7 млн бірлікті құрайды.

Елімізде микро және шағын бизнесті қолдаудың жаңа шаралары іске қосылды

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған "Мен Кәсіпкер" жаңа құралын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл құрал Қазақстанда микро және шағын кәсіпкерлікті дамытуға жағдай мен мүмкіндіктер жасау үшін әзірленіп, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға енгізілген.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбековтің айтуынша, "Мен кәсіпкер" құралының негізгі бағыттары – "Кәсіпке бағыт" салалық оқыту, "Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары" және "Бір ауыл – бір өнім" жобалары.

"Кәсіпке бағыт" салалық оқу кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында біліктіліктерге оқыту және салалық, кәсіби оқуды қамтиды. "Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары" – кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге арналған қызметтер желісі.  "Бір ауыл – бір өнім" – аудан және ауылдық деңгейде жергілікті өнімнің "бірегей" түрлерін шығару және өндірушілерді оқытып, консультациялық сүйемелдеу көрсету арқылы өнім сапасын арттыру", – деді Тимур Нақыпбеков.

Сонымен қатар спикер Ұлттық палата тарапынан ірі және орта бизнеске ғана емес, шағын және микро кәсіпкерлікке де үлкен көңіл бөлінетінін айтты. Соңғы деректерге сәйкес еліміздегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлердің саны 1,7 млн бірлікті құрайды. Онда 3,5 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында жаңа микро және шағын кәсіпорындар құру мүмкіндігі бар. Бүгінде олардың саны 2,1 миллионға жуық адам.

Ұлттық экономика министрінің әйелдер кәсіпкерлігі мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ләззат Рамазанова "бір ауыл – бір өнім" жобасының жетістігін атап өтті. Жоба өткен жылы Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарының 4 ауылында пилоттық режимде іске асырылды.  

"Бүкіл назар қарапайым азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталады деп ойлаймын. Азаматтарымыздың басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын ұмытпауымыз керек. Қазіргі кезде қарапайым қажетті заттардан басқа, ауыл мен қала арасындағы шек болмауы керек... біз кәсіпкерге және ауылда тұратын қоғамдастыққа осы елдімекенде өндірілетін заттарды қолжетімді етуіміз керек . Сонымен қатар қолда бар өнімдерден ішкі нарыққа ғана емес, сонымен қатар – жақсы бағада экспортқа шығуын қамтамасыз ету үшін біздің міндетіміз ауыл тұғындарына қажетті білім алуға көмектесу", – деді Ләззат Рамазанова.

JICA компаниясының Қырғызстандағы "бір ауыл – бір өнім" жобасының бас кеңесшісі Акихис Харагучидің айтуынша, жобаның сәтті жұмыс істеуі үшін бес шартты сақтау қажет. Атап айтқанда, адамдарды бір мақсатпен біріктіру – сапалы өнім шығару, ең көп шығарылатын өнімнің жоғары сапасы, лидерлердің болуы, брендтеу жүйелері және жақсы маркетинг.

"Қазақстанда белсенді ұйымдар өте көп. Сондықтан бұл жерде жоба бойынша процесс тезірек жүреді деп үміттенемін. Егер сапалы өнім әзірленетін болса, онда бизнес ондағы әлеуетті бірден көреді және бизнес-процестер жеделдетіледі. Егер өнімді сату туралы айтатын болсақ, әрине, бұл үлкен сома емес. Бірақ өсу тенденциясын қарастыратын болсақ, ол жыл сайын 30-40%-ға өседі. JICA-ның мақсаты – осы модель жұмысын жалғастыру үшін процесті тұрақты ету", – деді спикер.

Биыл "бір ауыл – бір өнім" жобасын бүкіл Қазақстан бойынша тарату көзделген. Бұл жобаны іске асыруға көршілес JICA мамандары тартылатын болады. Бұл ретте қолдау құралдары шеңберіндегі барлық қызмет – техникалық, әдіснамалық, маркетингтік сүйемелдеу және кооперативтер, антенна-дүкендерді ұйымдастыруға көмек өтеусіз негізде ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу