Елімізде мұқтаж жандарға баспаналы болуға нақты қандай көмек беріледі?

334

Мемлекеттік қолдау аясында сатып алу құқығынсыз пәтерлерді жалға беру, жалдау ақысының 50%-ын субсидиялау, тұрғы үй сертификаттарын беру қарастырылған.

Елімізде мұқтаж жандарға баспаналы болуға нақты қандай көмек беріледі? Фото: canva.com

Осы санаттағы азаматтарға тұрғын үй алу жеңілдіктері жайында толығырақ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтып берді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Бүгінгі күні кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға мынадай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі:

Бірінші, жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз беру, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-29 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғындарға сатып алу құқығынсыз тұрғын үй кезектілік тәртібімен жалға беріледі. Бұл ретте, жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20%-ы сатып алу құқығынсыз жетім балалар мен көп балалы отбасыларға беріледі. 

"Былтыр аталған мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде кезекте тұрған 9 мыңға жуық адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл сегіз айда 6 737 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді", - деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы Бақытжан Жүнісбеков.

Екінші, жалдау ақысын субсидиялау. 2022 жылдан бері азаматтардың жекелеген санаттарына жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының 50%-ы субсидияланып келеді. Сонымен қатар, мұқтаж азаматтар үшін әкімдіктер ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға тұрғын үй сертификаттарын береді. 

Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша 2,5 млрд теңгенің сомасында 2 мыңнан астам тұрғын үй сертификаттары берілді. 

"Осы жылдың сегіз айының қорытындысына сәйкес 1,3 млрд теңгеден астам сомаға 1136 сертификат берілді. Берілген сертификаттардың жартысына жуығы Астана, Алматы және Шымкент қалаларының үшеуіне тиесілі", - деді спикер.

Үшінші, жеңілдікпен несие беру. Кезекте тұрғандарға 2% және 5% мөлшерлемемен несие беріледі. 2% мөлшерлеме бойынша несие кезекте тұрғандардың төрт санатына беріледі: I және ІІ топтағы мүгедек адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және жетім балалар.

"Осы жылдың сегіз айының қорытындысына сәйкес жылдық 2%-бен тұрғын үй сатып алуға 2 213, 5% мөлшерлеме бойынша 3 091 займ берілді. Аталған жеңілдікті қарыздар халыққа "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс банкі арқылы беріледі", - деді спикер.

Жалпы ел бойынша тұрғын үй кезегінде барлығы 648 мыңнан астам адам тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу