Қазақстанда жыл басынан бері 22 800-ге жуық түрлі типтегі көлік шығарылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 71%-ға көп, деп хабарлайды 24.kz.
Естеріңізде болса, тамыз айында ғана автокөлік өндірісі 14 пайызға төмендеген болатын. Қыркүйекте өнімділік еселеніп, көрсеткіш жақсарды.
Қазақстан автобизнес қауымдастығының хабарлауынша, биыл жүк вагонын шығару 37 пайыздан асқан. Ал ауыл шаруашылығы техникасы секторының өндіріс көлемі 12 млрд теңгені құрады. Биыл бюджеттен комбайндар мен тракторлардың жеңілдетілген лизингіне 3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Келесі жылы да қосымша 3 млрд теңге бөлінбек.
Айта кетейік, биыл ҚР ИДМ Қазақстанның машина жасаушылар одағымен бірлесіп 2019-2030 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының жобасын бекітті. Ондағы мақсат – отандық машина жасаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық өндіріс өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз ету және экспорт деңгейін арттыру.
Жалпы елімізде саланы дамытуға 110 млрд теңге бөлінді. Ресми емес деректерге сүйенсек, елімізде мың қазақстандыққа 250 автокөліктен келеді екен. Бүгінде Қазақстанда 874 557 көлік тіркелген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көп көрсеткіш. Бір ғана қыркүйек айында елімізде 107 295 көлік тізімге енгізілді. Жалпы жыл басынан бері қазақстандықтар көлік сатып алуға 386,7 млрд теңге жұмсаған. Сәйкесінше көлік сату үрдісі өткен жылмен салыстырғанда 28,2%-ға артты.
Ал отандық көліктерге келер болсақ, жыл сайын көрсеткіш жақсарып келеді. Сатып алушылардың 50 пайызға жуығы өз таңдауын отандық көліктерге жасаған.