Бірқатар өңірде нан бағасы бірден 10 теңгеге өсті. Павлодарда бір бөлке 1 ай бұрын 80 теңгені құраса, қазір 90 теңгеден сатылып жатыр. Бұдан бөлек Орал, Шымкент және Қостанайда баға 10 теңгеге қымбаттады. Ал Атырау, Қарағанды, Қызылордада 5 теңгеге көтерілді, деп хабарлайды astanatv.kz.
Наубайшылар нан бағасының өсуін ұнның қымбаттауымен байланыстырады.
"Нанның құны алдымен ұн бағасы өскен соң қымбаттады. Тіпті, 2 есеге дейін көтерілді. 1-ші сұрыпты ұн 100 теңгеге, жоғары сұрыпты ұн 115 теңгеге дейін қымбаттады. Сондай-ақ, қанттың және басқа да қажетті азық-түліктің бағасы өсті. Біз шығынға жұмыс істеп келдік. Сондықтан нанның құны орташа 5-10% қымбаттады. 70 теңге тұратын әлеуметтік нанды шығынға кетсек те, шығарып жатырмыз", – дейді "Желаевский хлеб" нан өнімдері шығаратын кәсіпорын маманы Владимир Чесноков.
Аймақтағы атқамінерлер ұнға бөлінетін субсидияға сеніп қалғандарын айтады. Нан бағасын сол арқылы тұрақтандырмақ болған.
"Ауылшаруашылығы министрлігі әлеуметтік ұнға субсидия бөлеміз деген. Бірақ, қазір ешқандай субсидия беріліп жатқан жоқ. Сондықтан, бағаны қымбаттатуға рұқсат бердік", – дейді Атырау қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов.
Ал ауылшаруашылығы министрлігі ұнға субсидия бөлу жобасын әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Әзірге елдегі астық бағасын әлемдік нарық белгілейді. Қазір бидайдың тоннасы 68 мың теңгеден сатылып жатыр. Ол былтырдан бері 10 мың теңгеге қымбаттаған.