Елімізде "Назар аударыңыз! Қауіпті жүк" республикалық бақылау шарасы өтуде

209

Акция басталғалы бері 50 тасымалдаушыға айыппұл салынды. 

Елімізде "Назар аударыңыз! Қауіпті жүк" республикалық бақылау шарасы өтуде Фото: Shutterstock

"Назар аударыңыз! Қауіпті жүк" профилактикалық іс - шарасы аясында 7,5 млн. теңге айыппұл өндірілді. Акция басталғалы бері 50 тасымалдаушыға қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Рейдтік іс-шаралар Алматы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан өңірлерінде өткізілді. Тамыз айының соңына дейін акция еліміздің басқа облыстарында да өтеді. 

Бұл іс-шара Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің бастамасымен жүргізілуде.

Акцияның мақсаты — қауіпті жүктерді тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының көлік заңнамасын сақтауын қадағалау.

Инспекторлар тіркеу құжаттарының, жол парақтарының, жүргізушіге арналған нұсқаулықтардың, қауіпті жүктерді тасымалдауға рұқсат беретін куәліктің болуын тексереді.

Естеріңізге сала кетейік, "Автомобиль көлігі туралы" ҚР Заңына сәйкес тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде оларға тән ерекшеліктерге байланысты техникалық құралдардың, құрылғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың жарылуына, өртенуіне немесе бүлiнуiне, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiм-жiтiмiне, жарақат алуына және ауруына себеп болуы, қоршаған табиғи ортаға зиян келтiруi мүмкiн кез келген заттар, материалдар, бұйымдар, өндiрiстік және өзге де қызмет қалдықтары қауiптi жүктер деп танылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу