Елімізде несиеге тәуелді азаматтардың саны азаймай тұр

118

Қазақстандықтардың 24,8 трлн теңге қарызы бар.

Елімізде несиеге тәуелді азаматтардың саны азаймай тұр Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева халықтың шамадан тыс қарыз алуы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел азаматтарына берілген несиелер көлемі шамамен 20 пайызға өсіп, 24,8 трлн теңгеге жеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Жоғары аудиторлық палата өз қорытындысында алаңдатарлық үрдісті атап өтеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша халыққа берілген несиелер көлемі шамамен 20 пайызға өсіп, 24,8 трлн теңгеге жеткен. Тұтынушылық несиелер көлемі 21 пайызға, автонесиелер 22 пайызға артқан. Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде экономикалық белсенді азаматтардың 90 пайыздан астамының несиелік міндеттемелері бар. Сонымен қатар инвестицияларға және жаңа өндірістер құруға бағытталған несиелер көлемі тұтынушылық несиелерден бірнеше есе төмен болып отыр. Қоғамды қарапайым, бірақ маңызды сұрақ алаңдатады. Экономика өсіп жатқан жағдайда неге несиеге тәуелді азаматтардың саны да артып келеді? Несие күнделікті тұрмыстық шығыстарды жабу тәсілі емес, дамудың құралы болуы тиіс", – деді депутат.

Наталья Дементьева халықтың шамадан тыс несие алуының тәуекелдері қалай бағаланып отыр деп сұрақ қойды.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің сөзінше, өткен жылдары халыққа берілетін несиелердің өсу қарқыны 30 пайыздан асып, азаматтардың борыштық жүктемесін ұлғайтты. 

"Сонымен қатар артық сұранысты күшейтіп, инфляциялық қысымның артуына әсер етті. Сондықтан өткен жылдары біз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп бірқатар пруденциялық шараларды іске асырдық. Атап айтқанда, секторлық контрциклдік капитал буфері нормативі енгізілді. Сондай-ақ халыққа берілетін несиелер бойынша шекті нормативтік мерзімдер мен мөлшерлемелер қайта қаралып, төмендетілді. Бұдан бөлек, тек пруденциялық шаралармен шектелмей, Парламент арқылы бірқатар фискалдық бастамалар қабылданды", – деп жауап берді ҰБ төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу