Елімізде несиені өтеуге көмектесетін кеңселер іске қосылады

Республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құрылуда. 

Елімізде несиені өтеуге көмектесетін кеңселер іске қосылады Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның сөзінше, халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету және "Қарызсыз қоғам" жобасының ауқымын кеңейту бойынша кешенді шаралар қабылдау жалғасады.

"Жол картасының әрбір бағыты бойынша жұмысты үйлестіру үшін әкімдіктерде жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді. 

Республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құрылуда", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Жобалық офистердің негізгі міндеті кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ, азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру.
Әкімдіктер жобалық офистердің жұмысы үшін қажетті ғимараттар мен материалдық-техникалық базаларды бөледі. Оған банктер қаржылық жағынан ықпалдасады.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру. 

"Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталуда.  Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде. Ол үшін тиісті әдістемелер мен оқу құралдары дайындалатын болады.  Нәтижесінде осы бағыт шеңберінде 750 мың оқушы мен студенттерді оқыту жоспарлануда", – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер "Ауыл Аманаты" бағдарламасы шеңберінде несие алу үшін тұрақты негізде кеңестер береді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу