Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы құрған жұмыс тобы оқушылардың амандасу әдебіне байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова депутаттың сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысына енгізуді ұсынған болатын. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова тиісті депутаттық сауалға жауап берді.
"Білім алушылардың амандасу әдебін қалыптастыру мәселесі – ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық пен әдептілік құндылықтарын орнықтыру тұрғысынан өзекті. Мемлекет басшысының амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту жөніндегі тапсырмасы тәрбие жұмысын жетілдіруге негіз болып саналады.
Бүгінгі таңда Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғалымдар, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдерінен жұмыс тобын құрды. Білім алушылардың амандасу әдебіне байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді министр.
Аталған ұсынымдардың мазмұнында білім беру процесіне қатысушылардың, мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріліп, депутаттармен қосымша талқыланбақ.
Жұлдыз Сүлейменова "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы республикадағы барлық 20 877 білім беру ұйымында оқу және сабақтан тыс тәрбие жұмыстары, сынып және курс сағаттары аясында жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.