Өткен жылы Павлодарда әлеуметтік желілерде заңсыз саудамен айналысқан 10 адам анықталды. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Сәрсембаев мәлім етті.
"Ғаламтор арқылы тексеру жүргізудің нәтижесінде өз тауарларын әлеуметтік желі арқылы сатып жүрген кәсіпкерлерді шақырып алып, түсіндіру жұмысы жүргізілді. Қазіргі таңда жалпыға ортақ тәртіп бекітілген. Кез келген адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент алу керек немесе арнайы әлеуметтік салық режімінде жұмыс істей алады. Олардың барлығына әзірге ескерту жасалды", - дейді Төлеген Сәрсембаев.
Мекеме ұсынған мәліметке сүйенсек, облыстық ІІД және жылжымайтын мүлік орталығының атсалысуымен 2015 жылы 139 заңсыз жалға беру фактісі анықталған. Сондай-ақ бұл жұмысты белсенді жүргізуге жуырда заңнамаға енгізілген уақытша тіркеу септігін тигізер деген сенім мол.
Айта кетейік, Қазақстан ТМД елдері бойынша ғаламтор арқылы сауда жасаудан үздік үштікке кірген. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда дағдарысқа қарамастан онлайн-сауда әрі қарай арта бермек.