Елімізде орманды алқаптар республика аумағының 1,2 пайызын ғана құрайды

1576

Елімізде орманды алқаптар республика аумағының 1,2 пайызын ғана құрайды

2020 жылға дейін орман орналастыру жұмыстарына жұмсалатын қаржыны жылына 400 млн теңгеге ұлғайтып отыру қажет.  Бұл туралы бүгін үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Республиканың орман қорының жалпы алқабы - 29,4 млн гектар, оның ішінде орман көмкерген жерлер - 12,7 млн гектар. Ел аумағының небәрі 4,7 пайызын ғана орман көмкерген. Бұл орайда  биік діңді ағаштардың үлесі небәрі 3,3 млн гектарды немесе республика аумағының 1,2 пайызын құрайды. Осы жәйтті ескере отырып, мынадай шаралар қолданылды: 2004 жылдан жұмыр ағаш экспортына тыйым салынды; 2015 жылдан сексеуіл ормандарында ағаш кесудің барлық түріне мораторий жарияланды; үстіміздегі жылы республиканың сауда орындарында сексеуіл сатуға тыйым салу шарасы енгізілді; сонымен бірге биыл ағашы өртенген жерлерді қалпына келтіруді қоса алғанда, қылқан жапырақты ормандарда санитариялық мақсатта ағаш кесуге тыйым салынды", - деді Нысанбаев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде 30 орман шаруашылығында 6,2 млн гектар және  12 ерекше қорғалатын  табиғи аумақта 3,5 млн гектар мемлекеттік орман қоры алқабында орман орналастыру жобалары жүргізілмеген.  

"Бұл проблеманы шешу үшін орман орналастыру жұмыстарын қаржыландыруды 2022  жылға дейін орташа есеппен алғанда жылына  400 млн теңгеге кезең-кезеңмен ұлғайтып отыру қажет", - деді ол. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу