Қазақстанда паспорт цифрлық форматқа ауысты. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Telegram арнасында хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Ведомство басшысының хабарлауынша, "Цифрлық құжаттар" eGov Mobile қосымшасындағы танымал сервистің бірі көрінеді.
"Бүгінде қажетті құжатыңыздың түпнұсқасы болмаған кезде смартфон арқылы сандық құжатты пайдалану өте ыңғайлы. Цифрлық куәлікті қолдану тиімділігін көрсеткен соң, біз паспортты да цифрлық форматқа аударуды шештік. Енді цифрлық паспорт eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Әзірге цифрлық паспортты жеке басын сәйкестендіру үшін Қазақстан аумағында ғана пайдалануға болады. Мұндай қажеттілік, мысалы, куәліктің жоғалуы немесе оның жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда туындауы мүмкін", - деп жазды министр.
Айта кету керек, ең көп сұранысқа ие 18 құжат цифрлық форматқа көшірілген. Оның ішінде, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, ПТР-тест, туу және неке туралы куәлік және т. б. бар.