Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Сенат кулуарында тұрғын үй бағасына қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер спикерден алдағы уақытта пәтер бағасының өсуі күтіле ме деп сұрады.
"Тұрғын үй нысандарының құрылысына қажет материалдардың негізгі бөлігі отандық тауар өндірушілерден алынады. Жақында министрлік пен Отбасы банкпен бірге нарықтағы баспана құнына қатысты талдау жүргізді. Бүгінгі таңда тұрғын үй бағасының өсімі байқалмайды", -деді Қуандық Қажкенов.
Тілшілер қандай да бір болжам жасауға бола ма деп нақтылады. Вице-министр бұл құрылыстағы баға белгілеуге байланысты екенін айтты.
"Болжам айту өте қиын. Нарықтық көрсеткіштер сұраныс пен ұсынысқа да байланысты", - деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.