Медицина саласындағы мамандықтардың арасында педиатрлардың орны бөлек. Олар нәресте жарық дүние есігін ашқаннан бастап оның денсаулығын қадағалайды. Ал бірнеше жыл бұрын тоқтатылған бала дәрігерлерінің жұмысы енді қайта жаңғырып жатыр, деп хабарлайды 24.kz.
Қазақстанда педиатр-дәрігер мамандығы 2013 жылы жабылған еді. Уақыт өте келе бұл шешімнің дұрыс еместігі дәлелденіп, енді биылдан бастап балалар дәрігері бүлдіршіндерді қайта қабылдай бастайды. Педиатрия қызметіне кардиолог, невропатолог және хирург секілді мамандар да кіреді.
Педиатр – ол баланың тілін айтқызбай ұғатын дәрігер. Олардың жұмысының ерекшеліктері көп. Мысалы, кішкентай пациентті 20 минуттан артық қарау қиын. Одан ұзаққа бала шыдамайды. Сондықтан дәрігер баланы тез қарап, диагнозын дұрыс қоюы керек.