Мемлекет басшысы өткен жылдың 13 желтоқсанында қол қойған "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң толық көлемде жүзеге асырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Рақымшылық нәтижесі бойынша, Қазақстанда бас бостандығын шектеу орындарынан 1200 адам босатылды және 2269 адамның жаза мерзімі (мерзімнің ½, ¼, 1/5-іне) қысқартылды. Одан бөлек, өз жазасын қоғамнан оқшаулаусыз өтеп жүрген және тұрғылықты мекенжайы бойынша пробация есебінде тұрған 6700-ден астам адамға еркіндік берілді.
Комитеттің хабарлауынша, аталған заңды жүзеге асыру кезеңінде 40-қа жуық шетелдік азамат бостандыққа шықты. Олардың басым бөлігі - таяу шетел азаматтары. Айта кеткен жөн, қазіргі уақытта республиканың ҚАЖ мекемелерінде ТМД мен алыс шет мемлекеттердің 1300 азаматы жазаларын өтеп жатыр. Сондай-ақ, ҚАЖ қызметкерлерінің тікелей араласуымен абақтыдан босатылғандар арасында жүзден астам адамның еңбек және тұрмыстық жайғасуына көмек көрсетілді. Заңнама аясында барлық сотталғандар, соның ішінде рақымшылыққа іліккендер Қазақстан аумағындағы тұрғылықты мекенжайларына жету үшін жол жүру билеттерімен, маусымдық киіммен және азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіледі.
"Тағы бір айта кетерлігі, денсаулығына байланысты ұдайы күтімді қажет ететіндер және кәмелет жасқа толмағандар алдын ала хабар берілген туыстарының немесе ҚАЖ қызметкерінің алып жүруімен ғана босатылады", - деп толықтырды ҚАЖ комитетінен.