"Orda Glass Itd" ЖШС Қызылорда облысында салынып жатқан шыны зауытын биылғы желтоқсанда іске қосуды көздеп отыр. Бұл туралы облыстық индустриалдық-инновациялық басқармасына сілтеме жасап "Интерфакс-Қазақстан" хабарлайды.
Бұған дейін шыны зауыты 2017 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарланған.
Мекеменің дерегі бойынша, зауыт Қызылорданың индустриалдық аймағында 50 гектар аумақта салынуда. Бүгінгі таңда барлық төрт іске қосу кешені бойынша жұмыс атқарылған. Дайын өнімді сақтайтын қойма 80 %-ға дайын. Ішкі темір жолдар кешені 52 %-ға дайын. Негізгі цехтардағы жұмыс 30 %-ға аяқталған. Өндіріс алаңының ішкі инженерлік желілерін жүргізу үшін субмердігерлік ұйыммен келіссөз жүргізілуде.
Қызылорда облысында жылына 197 мың тонна шыны табақтар шығарып, өңдейтін, құны 36,7 млрд теңгеге бағаланған зауыт құрылысы жөнінде жоба іске асып жатқаны бұған дейін хабарланған еді. Жобаны бастама етуші – "Orda Glass Itd" ЖШС.
"Orda Glass Itd" ЖШС-ның негізгі акционерлері "ARP company" (69,71%) және "Stewart Engineers" (20,29%) компаниясы болып табылады. "Қазақстанның инвестициялық қорына" кәсіпорынның 10% тиесілі.