Қазақстанда сатылған LOL қуыршағы денсаулыққа зиян болып шықты. Фенол мен формальдегид мөлшерден тыс қолданылған қуыршақ Шығыс Қазақстан облысының дүкенінен табылған. Оны қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің қызметкерлері анықтады, деп хабарлайды Today.kz.
Ай сайынғы тексеріс барысында қуыршақ зиянды деп табылды.
Ойыншықта фенол мен формальдегид ондаған есе көп болғаны анықталған. LOL қуыршағының бұл түріне ресейлік орган берген сәйкес сертификаты бар екен.
Ойыншықты қытайлық "YiliHansonTradeLogisticsCo., Ltd" компаниясы өндірген.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ережеге сәйкес келмейтін өнімді сөреден алып тастады. Республика бойынша зертханалық тексеріс күшейтілді.
Зиянды ойыншықты сатып тұрған сатушылар әкімшілік жазаға тартылды.
Ата-аналардан балаға ойыншық таңдағанда оның сертификаты болуын, тауардың таңбасын, қуыршақ дайындалған материал туралы ақпараттың болуын қадағалауы керек.