Елімізде шағын-орта бизнестің 43,5%-ын әйелдер басқарады

Биылдан бастап Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары Қазақстанның барлық өңірінде құрылады. 

Елімізде шағын-орта бизнестің 43,5%-ын әйелдер басқарады Фото: Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы

Алматыда іскер әйелдер форумы өтті. Іс-шараға 100-ден астам табысты әйел, оңтүстік астананың қоғам қайраткерлері, ірі компаниялар, банктер, даму институттарының басшыларын қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Атамекен" ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов жеті жыл ішінде Іскер әйелдер кеңесі қуатты кәсіпкерлік алаң ретінде қалыптасқанын атап өтті.

Aл бизнес саласындағы әйелдер форумы – Кеңестің тиімді алаңдарының бірі. Ол өңірлік тұрғыдан жыл сайынғы іс-шараға айналған.

"Әйелдер кәсіпкерлігі – отандық бизнестің маңызды күретамыры. Әдетте мұндай бизнесте тәртіп, жауапкершілік, ұжымға деген қамқорлық болады. Менің ең сенімді әріптестерімнің бірі – әйелдер. Қыз-келіншектердің кәсібі күн сайын кездесетін қиындықтарға қарамастан, өте қарқынды дамып келеді. Бүгінгі форум – өңірлік іскер әйелдердің үні, жаңа идеяларды қалыптастыруға арналған нетворкинг", – деді Райымбек Баталов.

Сондай-ақ, палата басшысы әйелдерді қолдау үшін гранттар, пайызы төмен несиелеу, субсидиялау сынды мемлекеттің түрлі преференциясы қажет екенін атап өтті.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әйелдер басқаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 43,5%-ды құрады. Әйелдер кәсіпкерлігі ШОБ секторындағы жұмыс орындарының 31%-ын және Қазақстанның ЖІӨ-нің 14,6%-ды қамтамасыз етеді.

Форумның негізгі панельдік сессиясында ел экономикасы үшін макроэкономикалық трендтер мен сын-қатерлер, кәсіпкерлікті дамыту бойынша қолдау шаралары мен құралдары талқыланды. АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Алматы әйелдерінің іскерлік белсенділігін атап өтті. Сондай-ақ, форумның арнайы қонағы – Украинаның іскер әйелдер клубының мүшесі Илона Бордян әйелдер бизнесінің ерекшеліктерін айтты.

Биылдан бастап Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары Қазақстанның барлық өңірінде "Бір ауыл – бір өнім" қосымша қызметімен жұмыс істейтін болады. Осы жоба туралы "Атамекен" ҰКП басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова айтты. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары қажеттіліктерге қарай 7 түрлі қызмет ұсынады. 

Практикалық бизнес-сессияда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Анна Осипова бизнесті жүргізудегі негізгі қателіктер мен сәтсіздіктерді талдады. "Бухгалтер на миллион" кітабының авторы Алексей Розинкин кәсіпкерлерге арналған шеберлік сабағы мен коучинг өткізді.

Қорытындылай келе, форум модераторы, Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева қатысушыларға алғысын білдірді.

"Біз Women in Business форумы жыл сайынғы маңызды шараға айналғанына қуаныштымыз. Осы алаңда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланады, жаңа жылға трендтер белгіленеді, тәжірибе мен энергия алмасу болады. Біз бір-бірімізге шабыт сыйлаймыз, жаңа жетістіктерге ынталандырамыз. Форумның әр қонағына жетістік, мол табыс тілеймін", – деп атап өтті Ақеркін Ералиева.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу