Елімізде шетел азаматтарына ЖСН беру тәртібі қатаңдатылады

616

Құжат жария талқылауға ұсынылды.

Елімізде шетел азаматтарына ЖСН беру тәртібі қатаңдатылады Фото: kursiv.media

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН беру кезінде олардың Қазақстанда болуының заңдылығы тексерілуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ішкі істер министрлігі "Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру және түзету" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 258 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" бұйрықтың жобасын әзірледі.

Белгілі болғандай, жоба иммигранттардың эталондық деректер базасының мәліметтері негізінде шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың елімізде болуының (тұруының) сәйкестігін тексеру тәртібін қарастырады.

"Жобаны іске асыру ЖСН қалыптастыру және түзету бойынша мемлекеттік қызмет көрсету кезінде шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болуының (тұруының) заңдылығын тексеруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы мемлекеттік қызметті көрсету кезінде пайдаланылатын мәліметтердің дұрыстығын арттыруға мүмкіндік береді", – делінген бұйрық жобасында.

Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Көпшілік талқылау 28 қазанға дейін жалғасады.

Айта кету керек, бұған дейін шетелдіктердің ЖСН алуы жеңілдеуі мүмкін екенін жазғанбыз, себебі аталған қызмет түрі онлайн форматқа көшірілуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу