Қазақстанда стратегиялық маңызы бар материалдар бойынша ұлттық зертхана құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Стратегиялық маңызы бар материалдар, оның ішінде сирек және сирек жер металдарының тізбесін қалыптастыру үшін Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құру көзделіп отыр. Ол маңызы бар материалдарды айқындау критерийлерін әзірлеп, олардың тізбесін қалыптастырады", – деді Иран Шархан.
Сондай-ақ еліміздің әлемдік өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейтіп, осы мақсатта маңызды материалдар бойынша Ұлттық зертхана құру жоспарланып отыр. Бұл шикізат қорларын игеруді дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
"Өндірістік қуаттарды нарық қажеттіліктеріне сай дамыту және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында Министрлік өндірістік балансты бағалау әдістемесін бекітті. Бұл әдістеме жаңа жобалардың қолданыстағы кәсіпорындарға әсерін бағалауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұндай бағалаудың нәтижелері инвестициялық преференциялар беру тетіктерін және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру кезінде ескерілетін болады", – деді вице-министр.