Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков сирек металдар бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сирек металдар бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр?", – деп сұрады Премьер-министр Олжас Бектенов.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтың айтуынша, 2024-2028 жылдарға арналған сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың жоспары бар.
"Геологиялық барлау бойынша сирек металдарға қатысты 11 учаскеде іздеу жұмыстары аяқталып, Құйрықтыкөл перспективалық кен орны анықталды. Өндіріс саласында 8 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өндірістік мүмкіндіктер мен әлемдік сұранысты ескере отырып, 4 бағыт айқындалды. Бірінші – батарея материалдары. Екінші – ыстыққа төзімді қорытпалар. Үшінші – жартылай өткізгіш материалдар, төртінші – тұрақты магниттер. Сонымен қатар шетелдік компаниялармен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. ЕО, Ұлыбритания, Корея, Қытай, Жапония сияқты елдермен серіктестік орнатылды", – деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.