Елімізде соғыс оты шарпымаған әулет жоқ – Мәулен Әшімбаев

807

Бүгін еліміз Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығын тойлап жатыр.  

 Елімізде соғыс оты шарпымаған әулет жоқ – Мәулен Әшімбаев

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Баршаңызды Жеңістің 75 жылдығымен құттықтаймын! Бұл – өршіл рух пен өшпес ерліктің мерекесі. Жеңіс күні бекем бірліктің және ерен еңбектің жарқын символы саналады. Біз үшін айтулы мейрамның маңызы айрықша зор. Елімізде соғыс оты шарпымаған әулет жоқ. Қан майданға аттанған қазақстандықтардың жартысы елге оралмады. Сол кезеңде 500-ден астам отандасымыз Кеңес одағының батыры атанып, қайсарлық пен жанқиярлықтың озық үлгісін көрсетті. Тыл еңбеккерлері де Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан біз әрдайым ардагерлерімізді ардақтап, Отан үшін опат болған ерлердің рухына тағзым етеміз", – деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасына.

Таяуда Мемлекет басшысы ардагерлердің, ең алдымен Екінші дүниежүзі соғысына қатысушылардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа заңға қол қойды.

"Бұл – бүгінгі бейбіт өмірімізге жол ашқан аға буынға көрсетілген ерекше құрмет. Біз әкелеріміз бен аталарымыздың жанкешті ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Қазіргідей күрделі кезеңде де ешбір ардагер елеусіз қалған жоқ. Мерекемен құттықтай отырып, майдангерлерімізге зор денсаулық және бақ-береке тілеймін", – деп түйіндеді сөзін Сенат спикері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу