Қазақстанда соңғы үш жылда 41 ІТ-мектеп ашылды. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
"ІТ-мектептер заманауи жабдықтармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Онда 55 мың оқушы оқиды. Бұл өткен жылға қарағанда 3 мың балаға артық", - деді ол.
Ведомство өкілінің айтуынша, бұдан бөлек мамандандырылған мектептердің саны да артқан. Бүгінде олардың саны 134-ке жетті.
"Мамандандырылған мектептерде 72 мыңнан астам бала оқиды. Алғаш рет әлеуметтік осал топ оқушыларын қолдау мақсатында шыққан Министрлік бұйрығы негізінде мамандандырылған мектептерге түсу үшін осындай санатқа 15% квота бөлінген болатын. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 421 бала алғаш рет дарынды балаларға арналған 71 мектепте талантты балалармен қатар оқу мүмкіндігіне ие болды", - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.