ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен жазасын өтеуден босату үшін негіз болып табылатын 38 аурудың тізбесі бекітілді, деп жазады inbusiness.kz.
Бұл тізімге қатерлі ісіктер, бауыр циррозы, жіті бауыр функциясының жеткіліксіздігі, ойық жаралы колит, Крон ауруы және басқалар кіреді.
Әрбір ауру диагноздар тізбесінде болу тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар асқыну дәрежесі бойынша қарастырылады.
Босатуға өтініш беру тәртібі ҚАЖ мекемесінің жанындағы медициналық көмекті қамтамасыз ететін медициналық ұйымда консилиумның кезең-кезеңімен өтуін қамтиды. Көрсеткіштер болған жағдайда аумақтық денсаулық сақтау басқармасының жанындағы арнайы медициналық комиссия жүргізеді.
Арнайы медициналық комиссияның құрамына облыстың және облыстық маңызы бар қаланың тәжірибелі мамандары кіреді. Арнайы медициналық комиссияның қорытындысы ҚАЖ уәкілетті органына жіберіледі.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету ҚР ІІМ қарамағынан жергілікті атқарушы органдардың денсаулық сақтау басқармаларына берілгенін айта кеткен жөн.
2022 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық денсаулық сақтау жүйесіне 16 медициналық бөлім мен 301 штат бірлігі, жыл басынан бері 63 медициналық бөлімге 1254 бірлік медицина персоналы берілді.