Ауыл шаруашылығы министрлігінде субсидиялар бойынша шаруалар алдында жинақталған борыштар мәселесін шешу үшін арнайы жұмыс тобы жұмыс істей бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қостанай облысының Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығында вице-министрдің өңірге сапары туралы айтылды.
"Азат Сұлтанов ҚР АШМ-не тапсырма берілгенін және субсидия бойынша өтелмеген берешекті республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру, қайта қаржыландыру немесе субсидиялау шарттарын өзгерту арқылы қысқарту жолдарын анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Бұл шешім үкімет деңгейіне шығарылады және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биыл қолдау алады", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығы.
Сондай-ақ, вице-министр аграрийлерді субсидиялауға 2026 жылға арналған қаражат 140 млрд теңгеге ұлғайтылғанын, астық егетін 3 өңірге, оның ішінде Қостанай облысына мемлекеттік қолдаудың үлкен көлемі 60 млрд теңгеге ұлғайтылғанын айтты.