Елімізде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы жетістіктерінің декларациясы қабылданды

2261

Елімізде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы жетістіктерінің декларациясы қабылданды

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясы" жобасын жария етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Тәуелсіздігін халқымыздың аса зор құндылығы  ретінде бағалай отырып, Тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытын, берік ұстанымын таныта отырып, "Қазақстан-2050" стратегиясының басты мақсатына жетуді болашақ ұрпақ алдындағы өзінің тарихи парызы және жауапкершілігі деп сезіне отырып, Мәңгілік ел қастерлі мекенінде жарқын келешегімізді жасауға ұмтыла отырып, "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясын" қабылдайды. Тәуелсіздіктің 25 жылдық  мерейтойы өз тарихымызда тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі.  Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихы мен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар ел екендігін дәлелдеді. Өз тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірыңғай, бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты", – деді ол.

Мәжіліс депутаты  елімізде саяси және экономикалық салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асқанын да баса атап өтті.

"Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері ҚР Тұңғыш Президенті  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да, тынымсыз еңбегінің  арқасында мүмкін болды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің  табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды. Еліміз "Қазақстан-2050" Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басты. Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық  бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды", – деді Сұлтанов.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу