Елімізде туберкулезбен ауыру көрсеткіші 2,3 есеге төмендеді

956

Бұл – соңғы 10 жылда тіркелген статистика. 

Елімізде туберкулезбен ауыру көрсеткіші 2,3 есеге төмендеді

Қазақстан туберкулез дертімен сырқаттану көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Аденов мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.

"Жалпы соңғы 10 жылда туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 2,3 есеге төмендеді. Егер 2011 жылы 100 мың адамға шаққанда 81-ден астам жұқтырған жағдай анықталса, 2021 жылы – 35,9. Сонымен қатар профилактикалық тексерулердің арқасында 0-ден 17 жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығы төмендеді, сондай-ақ туберкулезден болатын өлім-жітім деңгейін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік туды", – деді Мәлік Әденов. 

Қазақстанда туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

"Біздің елімізде туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу тегін жүргізіледі. Қазақстан бюджет қаражаты есебінен халықаралық стандарттарға сәйкес туберкулезді ерте диагностикалаудың, емдеудің және алдын алудың ең заманауи әдістерін енгізген санаулы елдердің қатарына жатады. Туберкулезді ерте анықтау үшін ДДҰ ұсынған және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туберкулезді және дәріге төзімді туберкулезді бактериологиялық және молекулярлық-генетикалық диагностикалаудың жеделдетілген әдістері енгізілді", – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры.

Спикер бүгінде ауруды тез диагностикалауға арналған жабдықпен барлық аймақтық туберкулезге қарсы мекемелер мен аудандық деңгейдегі зертханалар (барлығы 128 xpertmtb/RIF аппараттары) қамтамасыз етілгенін хабарлады. Туберкулез жағдайларының 99,9%-ы диагностиканың жаңа жедел әдісінің арқасында анықталады.

"Елімізде туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеудің тиімділігі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады. 2021 жылы сезімтал туберкулезбен алғаш анықталған науқастар арасында ол 87,5%-ды, ал дәріге төзімді туберкулез – 82,5%-ды құрады, бұл әлемдік стандарттарға сәйкес келеді", – деп толықтырды спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу