Еліміздегі уран өндірісінің 92,7% қамтамасыз ететін 3 негізгі аймағы аталды, деп хабарлайды abctv.kz.
"Қазатомөнеркәсіптің" өткен жылға есебіне жүгінсек, мемлекетімізде үш негізгі уран аймағы отандық жалпы уран өндірісінің 92,7%-ын қамтамасыз етеді.
Олардың ішінде бірінші тұғырда Шу-Сарысу аймағы (60,2%), екінші орында — Солтүстікқазақстандық аймақ (17,3%), үшінші орында — Сырдария аймағы (15,2%) орналасқан. Бұған қоса, Іле аймағы (үлесі – 4,7%), Каспий жағалауы аймағы (1,8 пайыз), Балқаш жағалауы аймағы (0,8 пайыз) бар.
Есепке сәйкес, ұлттық атом компаниясы өзінің еншілес кәсіпорны – "Үлбі металлургиялық зауыты" базасында уранды тазартатын аффинаждық зауыт салуды жоспарлауда. Зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары 2019 жылдың басына белгіленген. Оның құрылысында канадалық Cameco компаниясының озық технологиялары қолданылатыны айтылды.
Өткен жылдың соңында "Қазатомөнеркәсіп" азиялық Energy Asia (BVI) Limited компаниясының 40,05%-дық акциялар пакетін, сондай-ақ "Хорасан-U" бірлескен кәсіпорындағы 16,02%-дық үлесті Energy Asia Holdings (BVI) Limited компаниясынан сатып алды. Мәміле нәтижесінде "Байкен-U" ЖШС, "Қызылқұм" ЖШС және "Хорасан-U" бірлескен кәсіпорнындағы "Қазатомөнеркәсіптің"еншісі сәйкесінше 52,5%, 50% және 50%-ға жетті.