Елімізде бүгіннен бастап базалық зейнетақы – 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға индекстелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрін ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақыны – 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып арттыру көзделген.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап 5 жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғарысын – 120%-ына дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру көзделген.
Соған сай бүгіннен бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылып, 32 360 теңгені құрады. Ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 105-тен 110%-ына дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрады.
Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңгені құрайды.
Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.