Елімізде зейнетақы жинақтарын төлеу тәртібіне өзгерістер енді

114

Тиісті құжат жарияланды.

Елімізде зейнетақы жинақтарын төлеу тәртібіне өзгерістер енді Фото: БЖЗҚ

Үкімет "Нысаналы талаптарды, нысаналы жинақтарды және нысаналы жинақ төлемдерін қалыптастыру мен есепке алу, сондай-ақ нысаналы талаптарды есепке жазу қағидаларын бекіту туралы" 2024 жылғы 18 қаңтардағы № 16 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оған сәйкес, елімізде зейнетақы жинақтарын мұрагерлерге төлеу және азаматтықтан айырылған жағдайда мақсатты жинақтарды есепке алу тәртібіне өзгерістер енді.

"Нысаналы талаптардың жалпы сомасы орташаланған инвестициялық кіріс мөлшерлемесін ескере отырып, есепті жылдағы нысаналы талаптар мен алдыңғы кезеңдердегі нысаналы талаптардың жалпы сомасын қосу арқылы қалыптастырылады. Бұл ретте алдыңғы кезеңдердегі нысаналы талаптардың жалпы сомасынан нысаналы жинақтарды алушыларға Ұлттық қордан берілетін жыл сайынғы іс жүзіндегі төлемдер шегеріледі", – делінген қаулыда.

Сонымен қатар БЖЗҚ ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан нысаналы талаптарға қатысушылар бойынша:

1) азаматтығын туған кезде алғаны туралы;
2) азаматтығын алған күнін көрсетіп, Қазақстан азаматтығын туғанынан кейін қабылдағаны туралы;
3) "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңына сәйкес Қазақстан азаматтығынан айырылғаны немесе шыққаны туралы;
4) қайтыс болған күнін не соттың қайтыс болды деп жариялау туралы шешімінің заңды күшіне енген күнін көрсетіп, қайтыс болғаны туралы;
5) мемлекеттік дерекқорда қамтылған мәліметтердің жаңартылғаны туралы мәліметтерді алады.

"БЖЗҚ нысаналы талаптарға қатысушылардың электрондық тізімін қалыптастыру кезінде: 

- мемлекеттік дерекқорда "азаматтығы" деген жолда "Қазақстан" деген жазу жоқ адамдарды "Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған немесе азаматтығынан шыққан" деген санатқа жатқызады;
- мемлекеттік дерекқорда "өмірлік мәртебесі" деген жолда "қайтыс болған" деп көрсетілген адамдарды "қайтыс болған не заңды күшіне енген сот шешімімен қайтыс болды деп жарияланған" деген санатқа жатқызады", – деп жазылған Үкімет қаулысында.

Құжатқа сәйкес, БЖЗҚ есепті 2023 жылдың соңындағы нысаналы талаптарға қатысушылардың жалпы санын 2023 жылдың соңына дейін соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне сәйкес қайтыс болған не қайтыс болды деп жарияланған адамдарды қоспағанда, электрондық тізімге енгізілген 2023 жылдың соңындағы нысаналы талаптарға қатысушылардың жалпы санын негізге ала отырып айқындайды.

Есепті жылдың ішінде мемлекеттік дерекқордан Қазақстан азаматтығынан айырылғаны немесе шыққаны туралы, мемлекеттік дерекқорда мәліметтердің жаңартылғаны туралы мәліметтерді, сондай-ақ нысаналы талаптарға қатысушылар болуға құқығының жоқ екендігі туралы мәліметтерді алған кезде нысаналы талаптарға қатысушы немесе нысаналы жинақтарды алушы нысаналы жинақтар төлемдерін алу құқығын жоғалтатыны да айтылған. Бұл ретте нысаналы талаптарға қатысушының нысаналы талаптары басқа нысаналы талаптарға қатысушылар арасында бөлінуге тиіс. Сонымен қатар мақсатты жинақтау шоты жабылады.

Қайтыс болған немесе соттың заңды күшіне енген шешімімен қайтыс болды деп жарияланған нысаналы талаптарға қатысушының немесе нысаналы жинақтарды алушының нысаналы талаптарын алу үшін мұрагерлер БЖЗҚ-ға жеке жүгіне отырып, келесі құжаттарды ұсынады:

- өтініш;
- мұрагердің немесе жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы;
- мұраға құқық туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі, не мұраға қалдырылатын мүлікті бөлу туралы келісімнің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі, не соттың заңды күшіне енген шешімі;
- мұрагердің уәкілетті операторда ашылған банктік шотының деректемелері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу