"Астана" халықаралық қаржы орталығы базасында жаңа авиациялық хаб құрылады. Бұл туралы "Астана" ХҚО Инвестициялар жөніндегі кеңсесінің басқарушы директоры Акшу Кампбэлл-Холт айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
IATA-ның Еуропадағы аймақтық вице-президенті Рафаэль Шварцманның айтуынша, Қазақстанда жүктерді әуе тасымалы арқылы тасымалдау динамикасы жақсарған. Ол пандемия кезінде жүктің басым бөлігі жолаушылар ұшағы арқылы тасымалданатынын айтады.
"Бүгінде жүк тез және жиі тасымалданатын болды. Жолаушылар ұшағы жүк ұшағы болып, қайта жабдықталды", - деді вице-президент елордада өтіп жатқан Astana Finance Day конференциясының сессиясында.
Рафаэль Шварцман елімізде бұл саланы дамытуға мүмкіндік барын атап өтті.
Сондай-ақ ол пандемия салдарынан әлемдегі авиация дағдарысқа ұшырағанын жеткізді.
"Осыған дейін дағдарыстан қалыпқа келу мерзімі 18 айдан аспайтын және ол кірістің 20%-ына әсер етпейтін. Ал коронадағдарыс кірістің 90%-ына әсер етті. Біз дағдарыстан әрі қалыпқа келіп жатырмыз", - деді басшы.
Сарапшылардың пікірінше, 2023-2024 жылдары ғана авиация бұрынғы көрсеткішке қол жеткізе алады. Себебі, әлемдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес.
"Астана" ХҚО Инвестициялар жөніндегі кеңсесінің басқарушы директоры Акшу Кампбэлл-Холт Қазақстандағы авиациялық хабты дамыту жоспарына тоқталды.
"Аймақтағы ұшақтар шетелде тіркелген: Ирландия, Бермуд аралдары. Оған 2 себеп бар: бұл юрисдикциялар қауіпсіздік тұрғысынан беделге ие, экожүйесі жетілген: сақтандыру, лизинг және басқа да кәсіби қызметтер көрсетіледі.
Біз жаңа авиациялық хаб құрамыз ("Астана" АХҚО базасында). Ол үшін Қазақстанда әуе кемелерін тіркейтін және осы сектордың дамуына ықпал ететін экожүйені қамтамасыз ету керек", - деді басқарушы директор.
Аталған жоба әуекомпанияларға әртүрлі артықшылық береді. Акшу Кампбэлл-Холттың айтуынша, Орталық Азия мен Таяу Шығыста 3 мыңға жуық жүк және жолаушылар ұшағы, ал Қазақстанда шамамен 800 ұшақ бар.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер отандық авиацияны дамыту экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді деген пікірде.
"Қазақстан логистика тұрғысынан әлі жұмыс істеуі керек. Мен сапалы жолдарды, пойыздарды көргім келеді", - деді елші.
Дәурен Ерболат