Биылғы үш тоқсанда әлемде жаңа жеңіл автомобильдер мен жеңіл коммерциялық техниканың сатылымы 59,5 млн бірлікті құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға аз, деп жазады inbusiness.kz Finprom.kz порталына сілтеме жасап.
Портал мәліметі бойынша, нарықтың біртіндеп қалпына келуі негізінен Қытайда сатылым 8,2%-ға өсіп, 19,4 миллион автокөлікке жеткен, осылайша бұл ел көшбасшы позициясында тұр. Дегенмен, барлық елде жағдай бірқалыпты емес. Оңтүстік Кореядағы сату көлемі өткен жылдың үш тоқсанымен салыстырғанда 6%-ға, Жапонияда 10,1%-ға, Батыс Еуропа елдерінде 11,7%-ға, АҚШ-та бірден 12,9%- ға төмендеді.
Шығыс Еуропа елдерінде (Түркияны қоса алғанда) жаңа жеңіл автомобильдер мен жеңіл коммерциялық техниканың сатылымы 30,5%-ға қысқарған. Көршілес Ресейдің авто дилерлері 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында тек 506,7 мың көлік сатқан. Жаңа жеңіл автомобильдер мен жеңіл коммерциялық техника сатылымы бойынша көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 59,8%-ға құлдырады.
Ал Қазақстанда жағдай біршама жақсы. 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте 87 мың автокөлік сатылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4%–ға артық. Жалпы, әлемде 2022 жылы көлік сатылымы 2021 жылмен салыстырғанда 0,4% пайызға өседі деп болжанған еді.
2022 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандықтар әдеттегідей негізінен Chevrolet және Hyundai брендтерін таңдаған. Сатылған барлық жаңа жеңіл автомобильдер мен жеңіл коммерциялық техниканың 51,6%-ы сы маркаларға тиесілі. Елімізде 24,5 мыңы сатылған Hyundai брендінің саудасы 14,7%-ға, Chevrolet (20,4 мың) 9,4%-ға өсті.
2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте сатылым бойынша ТОП10 маркаға қытайлық екі бренд: Chery (2,5 мың авто) және Jac (2,1 мың авто) кірді. Жалпы, жақын арада қытайлық брендтер Қазақтан нарығындағы өз үлесін айтарлықтай арттыруы мүмкін. Өйткені Astana Motors Қытайдың жетекші үш автогиганты - Changan, Chery және Haval автомобильдерін шығаратын зауыт салады. Біріншісі-Қытайдағы өндіріс көлемі бойынша №1 бренд, екіншісі - Қытайдың экспорт бойынша көшбасшысы, үшіншісі - Қытай нарығында төртінші орында тұрған Great Wall Motor автоконцернінің қосалқы бренді.
Қыркүйек айында елімізде 12 мыңға жуық жаңа жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық техника сатылды, 2021 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 19,3% -ға артық. Қыркүйек айында қазақстандықтар арасында ең танымалы Chevrolet Cobalt және Nexia болды (тиісінше 2,5 мың және 1,1 мың бірлік), Hyundai Tucson (1,1 мың авто) көшбасшылар үштігін түйіндеді. Жалпы, қыркүйек айында елімізде ең көп сатылатын 10 автомобиль түріне төрт Hyundai (Tucson, Santa Fe, Sonata және Elantra), екі Chevrolet (Cobalt және Nexia) және Kia (Ceed және Sportage), сондай-ақ бір Toyota (Land Cruiser Prado) және Chery (Tigo 7PRO) моделі кірді.