Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің IT-саланы дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Бізге IT-технологиялар әлеуетін дамыну маңызды. Ол үшін Үкімет 3 негізгі технологиялық бағытты бекітті. Олар: MedTech, AgriTech және GreenTech технологиясы. Жақын арада ақпараттық технологиялар бағытына баса назар аудару жоспарлануда. Алғашқы қадамдардың бірі биыл Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын бекіту көзделген", – деді спикер.
Оның айтуынша, 2029 жылға қарай IT-саланы дамыту тұжырымдамасы шеңберінде отандық нарықты қолдау шаралары алүа қоцылған. Ол үшін цифрлық технологиялардың ел экономикасының өсуіне қосатын үлесін 1%-ға жеткізуді көзделген. Сонымен қатар IT-қызметтердегі жергілікті қамту үлесін 67,6%-дан 80%- ға дейін арттыру жоспарланған.
"IT өнімдер мен қызметтер экспортының жалпы көлемін 1,5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту, ел экономикасы үшін 250 мың білікті IT-маман дайындау, "Tech Orda" бағдарламасы бойынша 45 мыңға жуық ваучер беру, өңірлерде 60 заманауи мектеп ашу басым бағыттардың бірі", – деді Ерсұлтан Ерманов.
Спикер атап өткен "Tech Orda" бағдарламасы жеке меншік мектептерді субсидиялауды және ІТ маман болғысы келетін азаматтарға ваучерлер беруді көздейді.
2022 жылы бағдарламаға қатысуға өтінім берген 70 мектептің ішінен 49 IT-білім ордасы аккредиттеуден өтті. Олардың 34%-ы өңірлерде орналасқан.