28 қаңтар күні еліміздің барлық онкологиялық мекемелерінде ашық есік күні өтеді. Бұл күні кез келген жастағы әйел адамдар тегін гинекологиялық тексеруден өте алады.
Жатыр мойнының ісігін анықтау үшін әйелдер арнайы пап-тест тапсыруға тиіс. Бүгінгі таңда дәл осы аталған ауыру елімізде жиі ұшырасады. Бұл сырқат жиілігі бойынша бүкіл дүниежүзінде екінші орында. Жыл сайын әлемде жатыр мойны ісігіне шалдыққан жарты миллион әйел анықталса, оның шамамен үш жүз мыңға жуығы көз жұмады екен. Қатерлі ісіктің бұл түрі әсіресе 30-40 жас аралығындағы әйел адамдарда жиі кездеседі.
Бұл жағдай елімізде де көңіл қуантарлық емес. Елімізде жыл сайын 1600-дей әйел жатыр мойыны обырымен тіркеледі және жыл сайын 600-ден аса әйел көз жұмады. Дәлірек айтсақ, Қазақстанда күн сайын жатыр мойны обырына шалдыққан екі әйел өмірімен қоштасады.
"Әдетте, әйелдердің өзге де жыныстық аурулары секілді жатыр мойны ісігінің айқын белгілері болмайды. Алайда, кез келген обыр түрі сияқты баяулықты кешірмейді. Сондықтан да қарапайым пап-тестінің көмегімен өзіңіз үшін аса маңызды мәлімет алуға мүмкіндігіңіз бар дейді", – еліміздің бас онколог дәрігері, Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.
Бас онкологтың айтуынша, сырқаттың мұншалықты өршіп кетуі әйел адамдардың өз денсаулығына мән бермеуінен, еренсіздік танытуының салдарынан болып отыр. Қазір, бұл сырқат жастарға да ауыз сала бастады дейді дәрігер. Оның сөзіне қарағанда, дерті асқынған әйелдердің арасында 35 пен 45 жас аралығындағы келіншектер жиі кездеседі.
"Жатыр мойын обырын емдеп, жазуға болады, елімізде ол үшін барлық жағдай жасалған. Тек, оны асқындырып алудан сақтану қажет. Сондықтан да 28 қаңтар күні еліміздің барлық аймақтарында онкологиялық мекемелерден тегін пап-тестен өтудің маңызы зор", – деп түйіндеді Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының директоры.