Елімізде жекеменшік мектептерге арналған мемлекеттік тапсырыстың жаңа жүйесі іске қосылды

85

Қазақстанда жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастырудың жаңа тетігіне байланысты қанатқақты жоба іске қосылды. 

Елімізде жекеменшік мектептерге арналған мемлекеттік тапсырыстың жаңа жүйесі іске қосылды Фото: kt.kz

Оқу-ағарту министрлігі мен облыстардың, Алматы, Астана және Шымкент қалалары әкімдіктерінің бірлескен бұйрығымен "2025-2026 оқу жылына арналған жекеменшік білім беру мекемелерінде орта білім беруге байланысты мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастырудың жаңа тетігі" пилоттық жобасы бекітілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аталған жоба қаржыландырудың ашықтығын арттыруға, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға және барлық баланы сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Кейінгі жылдары елімізде жекеменшік мектептердің саны шамамен мыңға жуықтап қалды. Білім саласындағы жеке бизнестің ұлғаюы жақсы үрдіс. Алайда қазір мемлекеттік тапсырысты алу тәртібі жаңарту мен жетілдіруді қажет етеді.

Жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде жекеменшік мектептердегі оқушыларды есепке алу мен қаржыландыру бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын оқу орнында тіркелген балалардың іс жүзінде мүлдем басқа мектепте оқитыны белгілі болды. Ал жекелеген өңірлерде кейбір мектептер оқудан шығып кеткен оқушылар үшін де ақша алып отырған. Сондай-ақ білім беру қызметіне қатысы жоқ мемлекеттік сатып алу жүйесінде тіркелген ұйымдар анықталды. Мұның барлығы жүйеге реформа қажет екенін байқатып отыр.

Түйіткілді мәселелерді шешу мақсатында Қаржы министрлігіне қарасты "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ жаңа ақпараттық жүйені әзірледі. Аталған технология E-Qazyna.kz платформасына енгізілген және пайдаланушылардың жұмысын жеңілдетумен қатар бұл деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтеді. Жүйеде оқушылардың саны мен контингенті, рұқсат құжаттарының бар-жоғы автоматты түрде тексеріліп, білім беру саласындағы ақпараттық жүйелермен біртұтас болады.

Бірыңғай әкімшілік басқаруды қамтамасыз ету үшін "Қаржы орталығы" АҚ Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Орталық қанатқақты жобаның операторы ретінде ұйымдастыру-әдістемелік қолдауды жүзеге асырып, қатысушыларға кеңес беру, мониторинг жүргізу, қабылданған актілерге сәйкес төлем жүргізу қызметтерін атқарады.

Осы жобаны іске асырудағы негізгі рөл жергілікті атқарушы органдарға – білім беру басқармаларына жүктеліп отыр, олар мемлекеттік тапсырыстарды орналастырып, қорытынды есептерді бекітеді, сондай-ақ келісімшарттар жасап, www.e-Qazyna.kz веб-порталы арқылы көрсетілген қызметтер туралы актілерді қабылдайды.

Келесі кезеңде бұл жүйеге білім беру саласындағы басқа да мемлекеттік қаржыландыру құралдарын – гранттарды, шәкіртақыларды, жатақханада орындармен қамтамасыз ету және басқа да қолдау түрлерін біріктіру көзделген.

Жаңа ақпарат жүйесі 12 қарашада іске қосылды. Білім беру қызметтеріне цифрландыруды енгізу – мемлекеттік сатып алулар қызметіндегі бюджет қаражатының ашықтығын арттырып, түсінікті етуді көздейді және уақтылы, орынды қаржыландырудың әкімшілік қадағалауын қамтамасыз етеді. Бұл жаңашылдық бюджетке түсетін жүктемені азайтып, бәсекелестікті арттырады және білім беру саласына жеке инвестицияны көбірек тартуға әсер етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу