Елімізде жергілікті өзін-өзі басқару органдары – кеңестер құрылуы мүмкін

693

Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы" заң жобасын әзірледі.  

Елімізде жергілікті өзін-өзі басқару органдары – кеңестер құрылуы мүмкін Фото: egemen.kz

Оған сәйкес аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқару органы – Кеңес құру көзделіп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Вице-министрдің сөзінше, кеңеске бірқатар өкілеттіктер беріледі. Атап айтқанда, бюджетті және жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша басқа да нормативтік-құқықтық актілерді бекіту.

"Ауылдар, кенттер, ауылдық округтер, аудандық маңызы бар қалалар деңгейінде азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы 4 жыл мерзімге жергілікті өзін-өзі басқару органы – Кеңесті құру ұсынылады. Оның қызметін әкім аппараты қамтамасыз ететін болады. Яғни Кеңестің жеке дара аппараты болмайды деп күтілуде. Сонымен қатар, кеңес төрағасы кеңес мүшелерінің арасынан ашық дауыс беру арқылы сайлануы және осы  лауазымды тұрақты бір азамат атқарып отыруы күтілуде", - деп атап өтті Бауыржан Омарбеков.

Оның айтуынша, осы тұста Кеңестер мен қоғамдық кеңестердің ара-жігін ажырата білген дұрыс.

"Бұл жерде бір назар аударатын нәрсе бар. Жергілікті жерлерде жұмыс істейтін қоғамдық кеңестермен шатастырмау қажет. Себебі қоғамдық кеңестің жұмысы бір басқа. Ал, мынау біз ұсынып отырған кеңестің қызметі бөлек", - деді спикер.

Бүгінгі таңда аталған құжат Парламенттің қарауында жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу