Ал еліміздегі жолақы бағасы 1 айда 3,2 пайызға қымбаттаған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға жоғары.
Соңғы бір айдың ішінде Жезқазғанда жолақысы 1,5 есе қымбаттап 60 теңгені, ал Таразда 18,2 пайызға өсіп, 65 теңгені құрады. Жылдық есеп бойынша, еліміздегі ірі қалалардың ішінде Қостанайда жолақы 80 теңге, өсім 33,3%, Петропавлда да 80 теңге, өсімі 23,1%, Өскеменде 90 теңге, өсімі 20% және Павлодарда 70 теңге,өсімі 16,7% болды. Одан бөлек, 1 тамыздан бастап Алматыда жолақы төлеудің жаңа сараланған жүйесі енгізілді. Бұған дейін шаһардағы жолақы құны 5 жыл бұрын көтерілген еді, 2012 жылдың шілде айында жолақы 50 теңгеден 80 теңгеге дейін қымбаттаған. Енді Алматының қоғамдық көліктеріндегі жол жүру ақысы төлем түріне байланысты болады. Қолма-қол төлесе — 150 теңге, "Оңай" бірыңғай көлік картасымен, банк картасымен немесе SMS құралымен — 80 теңге төленеді. Бұл жүйе ақшаның көлеңкелі айналымының алдын алып, қазынаға түсетін салық көлемін арттыру мақсатында енгізілген. Барлық жеңілдіктер өзгеріссіз қалды, тек көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мектеп оқушылары және студенттер "Оңай" жеңілдік картасымен 40 теңге төлейді. Ұлы Отан Соғысы ардагерлері, 75 жастан асқан зейнеткерлер, І және ІІ топтағы мүгедектер және 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар қоғамдық көліктерінде тегін жүреді.