Елімізде жолаушылар вагондарының 32 пайызы ғана ескірген

199

Көптеген вагондардың жағдайы санитарлық талапқа сай келмейді, тазалық жоқ, кондиционер істемейді, пойыздар кешігіп келеді. 

Елімізде жолаушылар вагондарының 32 пайызы ғана ескірген Фото: inbusiness.kz

2151 қолданыстағы жолаушылар вагонының 686-сы ескірген, деп жазады inbusiness.kz мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов баяндамасына сілтеме жасап. 

Қазақстанда жолаушылар тасымалын "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы және 14 жекеменшік (26%) компания жүзеге асырады.

"Бұл ретте 2014 – 2022 жылдар аралығында жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау 13 пайызға төмендеді. Осыған байланысты, Көлік министрлігі мен "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы 2030 жылға қарай 34 млн жолаушы көрсеткішіне қалай қол жеткізуді жоспарлап отырғаны түсініксіз.

Теміржол көлігімен тасымалдау үлесінің өсуін тежейтін көптеген факторлар бар. 2151 қолданыстағы жолаушылар вагонының 686-сы ескірген (32%). Көптеген вагондардың жағдайы санитарлық талапқа сай келмейді, тазалық жоқ, кондиционер істемейді, пойыздар кешігіп келеді. Бұның бәрі жолаушыларды тасымалдауда қызмет көрсету сапасының төмендігін көрсетеді", — деді депутат. 

2022 жылы 537 жолаушы вагонын жеткізуге жалпы сомасы 689,8 млрд. теңгеге қаржылық тұрғыдан тиімсіз шарт жасалған.

"Тағы бір мәселе, вагондардың жетіспеушілігі. 2025 жылға дейін өзіміздің Петропавл қаласындағы ЗИКСТО акционерлік қоғамы Ресей Федерациясында шығарылатын вагондарды құрастырады. Бұл вагондардың бағасы 2020 жылы 405 млн теңге болған.Енді осы 1 вагонның құны 730 млн теңгеге, 82%-ға өскен. 2025 жылдан бастап, Швейцарияның Штадлер компаниясының жолаушылар вагонын сатып алу қарастырылып отыр. Бұл вагонның құны 1 млрд 300 млн теңге тұрады", — деді Нұртай Сабильянов. 

Мәжіліс депутаты осы мәселелерге үлкен жауапкершілікпен қарап, жолаушыларды тасымалдауда халыққа қызмет көрсетуді жақсарту керектігін алға тартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу