Елімізде жолаушылар вагондарының 46%-ы тозған

1314

Биыл 14,7 млрд теңгеге 31 жолаушылар вагоны сатып алынады.

Елімізде жолаушылар вагондарының 46%-ы тозған Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда жолаушылар вагондарының 46%-ы тозған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ведомство басшысының айтуынша, елімізде 2,6 мың жолаушылар вагоны бар. 

"Олардың орташа тозуы – 46%. Халық тарапынан вагондардың жай-күйіне қатысты айтқан шағымдары орынды. Парктың жартысы ауыстыруды қажет етеді", - деді Бейбіт Атамқұлов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, өткен жылы мемлекеттік қолдау аясында ұлттық тасымалдаушы 40 млрд теңгеге "Тұлпар" зауыты шығарған 100 вагонды сатып алған.

"Биыл 14,7 млрд теңге сомасына 31 жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отыр. Олар "Алматы – Маңғыстау" және "Алматы – Атырау" бағыттарына жеткізіледі", - деді министр.

Министр 2025 жылға дейін бюджеттік несиелендіру аясында 295 вагонды жаңарту жоспарланып отырғанын айтты.

"Осы жылдың соңына дейін 252 вагонның санитарлық тораптарын жаңарту жоспарланған. Бүгінде 215 вагонның санитарлық торабы жаңартылды", - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, биыл жолаушылар тасымалын субсидиялауға 44 млрд-тан аса теңге бөлінеді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу