Қазақстанда жоғары оқу орындары арасында мемлекеттік тапсырысты орналастыру конкурсы 28 желтоқсанда басталады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, енді талапкерлер қай жоғары оқу орындарына және қандай мамандықтар бойынша гранттар бөлінгені туралы ертерек хабардар болады. Өз кезегінде университеттер қабылдау науқаны бойынша жұмысты алдын ала жоспарлауға мүмкіндік алмақ.
2023-2024 оқу жылына арналған білім беру бағдарламаларының топтары бөлінісінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру конкурсы осы жылдың 28 желтоқсан мен 2023 жылдың 5 қаңтары аралығында өтеді.
"Мұндай шешімдерді қабылдау кезінде, бірінші кезекте, Мемлекет басшысының білім беру сапасын көтеру туралы тапсырмаларын назарға ала отырып, біз талапкерлеріміздің мүдделерін ескереміз. Мамандықтар атласы және еліміздің бес өңірінде іске асырылатын "Мамандығым-болашағым" жобасы негізінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде өңірлердің кадрларды даярлау жоспардағы қажеттіліктеріне баса назар аударылатын болады. Министрлік мамандардың біліктілігінің жаңа реттегішін құруда, ол еңбек нарығындағы жоғары динамиканы ескере отырып қажет болады, өйткені кейбір мамандықтар сұранысқа ие болмай жатыр. Біз талапкерлер үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға қажетті шешімдер алдағы уақытта да қабылданатын болады", - деп атап өтті Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Айта кету керек, жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс білім берудің барлық деңгейінде (бакалавриат, магистратура, докторантура) орналастырылмақ.