ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру тәртібін жаңартқанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар бұл бағыттағы барлық негізгі рәсім электронды форматқа көшіріліп, жұмыс берушілерге қойылатын талаптар нақты әрі түсінікті етілді.
Кімдер қатыса алады?
Субсидияланатын жұмыс орындарын мансап орталықтары жұмыс берушілердің өтініші негізінде ұйымдастырады. Мұндай жұмыс орындарын ашуға коммерциялық заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, әлеуметтік кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелер, олардың ведомстволары мен бағынышты ұйымдары өтініш бере алады.
Сондай-ақ дауыс беретін акцияларының немесе жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің 50 және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар да қатыса алады. Үкіметтік емес ұйымдар, олардың филиалдары мен өкілдіктері де бұл тізімде бар.
Бұл ретте жұмыс берушілердің әр санатына қойылатын талаптар мен жұмыс орындарының саны әртүрлі. Яғни барлық жұмыс берушіге бірдей талап қолданылмайды, олардың қызмет түрі мен мәртебесіне қарай жеке тәртіп белгіленген.
Сонымен бірге жұмыс берушінің ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, барлығына ортақ бірқатар талап бар. Олар кемінде 12 айдан бері жұмыс істеп келе жатқан болуы керек. Сондай-ақ ол банкроттық рәсімінде болмауы, экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы заң талаптарын сақтауы және бұған дейін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары аясында жасалған шарттарды тиісінше орындауы қажет.
Барлық рәсім электронды түрде жүргізіледі
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырудағы негізгі өзгерістердің бірі – осы процестің толық цифрландырылуы. Енді жұмыс берушілерді іріктеу, азаматтарды ашылған жұмыс орындарына жолдау және қажетті құжаттарды тексеру электронды форматта жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар Электрондық еңбек биржасы арқылы іске асады.
Осылайша, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырудың жаңартылған тәртібі жұмыс берушілерге қойылатын нақты талаптарды толық цифрландыруды көздейді.
Бұл өзгерістер субсидияланатын жұмыс орындарын нақты қажеттілікке қарай бөлуге, жұмыс берушілер мен бағдарламаға қатысушылар үшін рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.