Елімізде жұмысшы-мигранттар кәсіподағы құрылады

826

Елімізде жұмысшы-мигранттар кәсіподағы құрылады

Қазақстанда жұмысшы-мигранттардың кәсіподағы құрылады. Бұл туралы бүгін "Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік еңбек қатынастары: талдау және келешегі" атты дөңгелек үстел барысында ҚР кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

"Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы халықаралық ынтымақтастықты дамытуда. Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бағдарламасының ең негізгі мәйегі - әлеуметтік еңбек қарым-қатынастарын дамыту. Осы тұрғыда өздеріңіз білетіндей, соңғы кездері Қазақстанның Орталық Азия елдерімен экономикалық интеграция процестері жүріп жатыр", - деді ол.

Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда Қазақстанның Орталық Азия елдерімен жылдық тауар айналымы 3,6 млрд долларға жетіп отыр. Мұнан бөлек, елімізде ОА мемлекеттері өкілдерімен құрылған 4 мыңнан астам әртүрлі кәсіпорын нақты жұмыс істеп тұр.

"Сонымен қатар, Қазақстан осы Орталық Азия елдерінен еңбек өнімін қабылдаушы және еңбек өнімін басқа елдерге экспорттаушы саналады. Міне, осы тұрғыдан келгенде Қазақстанда еңбек етіп жатқан Орталық Азия елдері өкілдерінің құқықтарын қамтамасыз ету, оларды еліміздің заңдарына сәйкес әлеуметтендіру мәселесі өте өзекті. Бүгінгі дөңгелек үстел барысында Орталық Азия елдерінің өкілдерімен осы мәселелер жан-жақты қаралады", - деді ҚР кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.

Ерлан Саировтың сөзіне қарағанда, мұнан бөлек бүгінгі шара барысында Қазақстанда жұмысшы-мигранттардың кәсіподағын құру мәселесі жан-жақты талқыланбақ.

"Ең негізгі мәселе осы дөңгелек үстел аясында Орталық Азия елдері кәсіподақтарымен бірлесе отырып, Қазақстанда басқа елден келіп жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың еңбегін қорғау жөніндегі комиссия құру және сол комиссия аясында еңбек мигранттарының кәсіподағын құру қарастырылады. Бұл дүниежүзілік тәжірибеге сай келеді. Мысалы Еуропада басқа елдерден келіп жұмыс істеп жатқан басқа ел өкілдерінің кәсіподақтары жұмыс істейді", - деді Ерлан Саиров.

Айта кетейік, дөңгелек үстел жұмысына Орталық Азия елдері кәсіподақтарының басшылары, ҚР парламенті мәжілісінің депутаттары, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, еңбек сарапшылары, белгілі экономистер қатысуда.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу