Елімізде журналистерге арнайы мәртебе берілмек

529

Қазақстанда журналистердің мәртебесін белгілейтін заң жобасы дайындалып жатыр.     

Елімізде журналистерге арнайы мәртебе берілмек Фото: alashainasy.kz

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Түркістан облысындағы БАҚ басшыларымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Аталмыш кездесуде Дархан Қуандықұлы көпшілікті бүгінгі күні министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті. Сондай-ақ журналистерді дайындау мен біліктілігін арттыру, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру тұрғысынан жүзеге асатын жобалар туралы айтты.

"Мәжіліске ұсыну жоспарланып отырған масс-медиа туралы заңның басым бағыты бұл журналистердің мәртебесін көтеруге бағытталған. Біріншіден, журналистерге әлеуметтік жағдай жасау көзделіп отыр. Бірақ, бұл журналистің сөз бостандығын шектемейді. Жеңілдетілген несие алуына, баспанамен қамтылуына мүмкіндік береді" – деді ол.

Ең бастысы, министр заң жобасына сәйкес БАҚ өкілдерінің ақпаратқа қолжетімділігі артатындығын атап өтіп, оларға жауап беру мерзімі қысқартылатынын айтты.

"Журналистке берілетін жауаптың мерзімін қысқартуды ұсынып жатырмыз. Журналисттік зерттеуге қатысты болатын кез келген ақпаратқа журналист жеңіл қол жеткізуі керек" – деді министр.

Кездесуде Дархан Қуандықұлы бас редакторлардың ұсыныстарын тыңдап, аудандық, қалалық басылымдардың жай-күйіне қатысты туындаған сұрақтарға кең көлемде жауап берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу