ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балалардың терезеден құлау фактілеріне қатысты ақпаратпен бөлісіп, ана-аналарға үндеу жасады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2026 жылдың алғашқы үш айында балалардың терезеден және биіктіктен құлауының 44 жағдайы тіркелген, оның төртеуі өліммен аяқталған.
Күн жылыған сайын балалардың терезеден құлауына байланысты жазатайым оқиғалар айтарлықтай артады. Осыған орай қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері:
- балаларды қараусыз қалдыру;
- жауапкершілікті үлкен балаларға жүктеу;
- терезелерде қорғаныш құрылғыларының болмауы;
- терезе маңында баланың өздігінен шығуына мүмкіндік беретін жиһаздың орналасуы;
- москит торларын сенімді қорғаныс ретінде қате қабылдау.
Москит торлары ересектерге жалған қауіпсіздік сезімін тудыратынын ерекше атап өткен жөн. Олар тек жәндіктерден қорғануға арналған және баланың тіпті аз ғана салмағын да ұстап тұра алмайды, болмашы қысымның өзінде-ақ тормен бірге құлап кетуі мүмкін.
Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында ата-аналар мен заңды өкілдерге:
- балаларды, әсіресе ашық терезесі бар бөлмеде, қараусыз қалдырмау;
- арнайы қорғаныш құрылғыларын (ашылуын шектегіштер, блокираторлар, балалар құлыптары) орнату;
- терезе маңына жиһаз орналастырмау;
- баланы үнемі көзбен бақылауда ұстау;
- балаларға қауіпсіз мінез-құлық ережелерін түсіндіру;
- қауіпсіз желдету функциясы бар терезелерді пайдалану;
- терезе құрылымдарының және бекітпелерінің сенімділігін тексеру ұсынылады.
"Жазатайым оқиғалардың ең көп саны Атырау облысында – 13, Астана қаласында – 8 (оның ішінде 3 өлім жағдайы), сондай-ақ Маңғыстау облысында – 4 (оның ішінде 1 өлім жағдайы) тіркелген", – деп хабарлады министрлік.
Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі ерте және мектепке дейінгі жастағы балалар арасында орын алады. Жас ерекшеліктеріне байланысты олар қауіп-қатерді толық бағалай алмайды.