Елімізде "Жылумен жабдықтау туралы" заң әзірленіп жатыр

1119

Бүгінде жылу жабдықтарының 59%-ы тозған. 

Елімізде "Жылумен жабдықтау туралы" заң әзірленіп жатыр

Қазақстанда "Жылумен жабдықтау туралы" заң әзірленіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде аталған саланы реттейтін салалық заң жоқ. Ондағы мәселелер "Электр энергетикасы туралы" заңда ішінара көрсетілген, бірақ құжатта барлық қажетті аспект қамтылмаған.

"Қазіргі таңда "Жылумен жабдықтау туралы" заң әзірленіп жатыр. Құжаттың тұжырымдамасы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, заңды тұлғалар бірлестігіне талқылауға жолданды, әрі заң жобасы нормативтік құқықтық актілердің ашық порталында және Энергетика министрлігінің ресми сайтында орналастырылды", - деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.

Жылумен жабдықтау саласындағы негізгі проблеманың бірі – жабдықтардың әбден тозуы (орта есеппен 59% деңгейінде) және жабдықтың пайдалы әсер коэффициентінің төмен болуы (орта есеппен 35-50%). 

Сонымен қатар министрлік "жылумен жабдықтау саласындағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін айқындау қажет" деген ұстанымда.

"Саланы мемлекеттік реттеуді бірнеше мемлекеттік орган жүзеге асырады: Энергетика министрлігі – энергия өндіру саласындағы саясатты, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – жылу энергиясын беру және тұтыну саласындағы саясатты, Ұлттық экономика министрлігі – тариф белгілеуді. Алайда елімізде жылу энергетикасы саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалау қарастырылмаған", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ жылумен жабдықтау саласына инвестиция тарту тетігін енгізу керек. Себебі, Табиғи монополиялар субъектілерінің (энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың) тарифтері жылу энергиясын өндіруге және беруге шығынды толық өтемейді. Бұл саланың инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізіп отыр.

"Аталған құжат Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының  2022 жылға арналған жоспарына енгізіледі", - деп жазылған хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу