Депутат жыныс ауыстыруға тыйым салуды ұсынды

Мұндай ұсыныс Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолданған депутаттық сауалда сөз болды. 

Депутат жыныс ауыстыруға тыйым салуды ұсынды Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов бастаған бірқатар халық қалаулысы "елімізде жыныс ауыстыруға заңмен тыйым салу керек" деп есептейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске сәйкес 21 жасқа толған, психикалық мінез-құлқында ақау жоқ жандар жынысын ауыстыруға құқығы бар. Алайда, "жыныстық сәйкестендіру бұзылысы бар адам" ұғымының өзі қандай да бір бұзушылықтың барын көздеп отыр. Бұл адамдарда физикалық ауытқулар болмағандықтан, бұзылыс психикасында немесе мінез-құлқында деп болжауға болады. Тиісінше, психикалық немесе мінез-құлық аспектілері бұзылған адамның сау денесіне гормоналды және хирургиялық ота жасауды ақтауға болмайды, – дейді Магеррам Магеррамов.

Депутат Үкімет басшысынан бірқатар сауалға жауап беруін сұраған.

1. Егер сіз ер адамнан әйелді, ал әйелден ер адамды хирургиялық түзету арқылы жынысын ауыстыруға жол берсеңіз, "Дені сау ұлт" ұлттық жобасын қалай жүзеге асырып отырсыз?

2. Мінез-құлқында, психикасында бұзылулар бар жандар неліктен хирургиялық жолмен емделеді?

3. Жынысты ауыстыру бойынша қанша ота жасалды? Олардың ішінде қанша адам жынысын кері қайтаруға ниет танытты?

4. Бүгінде қанша адам жынысын ауыстыруға өтініш берді?

5. Мұндай манипуляциялар негізгі медициналық принциптер мен ұлт денсаулығына кері әсер етпей ме? 

– ҚКП фракциясы жынысын ауыстыруға рұқсат беру бөлігінде заңнама өзгергенге дейін осы манипуляцияға тыйым салуды талап етеді, – деп қоса кетті Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу